Садыр Жапаровтың жиені тағы қамауға алынды
Қырғызстанда президент Садыр Жапаровтың жиені Ұлан Жапаров тағы да ұсталды. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бішкектің Бірінші Май аудандық соты 21 маусым күнгі сот қаулысымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бішкек қаласы бойынша тергеушісінің өтініші қанағаттандырылғанын хабарлады. Ұлан Жапаровқа қатысты 19 тамызға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы vesti.kg жариялады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Бұл жолы Ұлан Жапаровты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстады.
Кейбір мәліметтер бойынша, ол Қырғыз Республикасы Президентінің облыстардың біріндегі өкілетті өкілі қызметіне уәде беріп, бұл үшін 100 мың доллардан астам сыйақы алған. Алайда ол уәдесін орындамаған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлан Жапаров сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған болатын. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, артынша қамаудан босатылған.