Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху видео-үндеу жариялады

27 қараша 2023 15:50 / Мир

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху күнінен 10 израильдік тұтқын босатылатын болса, Газа секторындағы төрткүндік гуманитарлық үзілісті тағы ұзарту мүмкіндігін құптайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігі жариялады.

Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін видеоүндеу жасап, осылай деп айтты.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, ол АҚШ президентіне Газадағы әскери қимылдарға «бар күшімен» қайта оралуға ниетті екенін хабардар еткен.

Оның сөзінше, Израиль «ХАМАС-ты жоюды», тұтқынға алынғандардың бәрін қайтаруды және Газаның «бұрынғы күйге оралмауын» қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.

Бұл ретте ХАМАС өкілдері де көбірек тұтқынды босату үшін Израильмен гуманитарлық үзілісті ұзартуға ниетті екенін мәлімдеді.

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа төрткүндік гуманитарлық үзіліс туралы бітім жұма, 24 қараша күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де күшіне енген болатын.

Бітім Израиль түрмелеріндегі 150 палестиналық тұтқынды ХАМАС ұстаған 50 израильдікке айырбастауды қарастырады.

Бостандыққа шығарылатындар арасында екі жақтан да әйелдер мен балалар бар. Қазіргі уақытта келісім аясында Газа секторында ұсталған израильдік 39 әйел мен бала, сондай-ақ Израиль түрмелеріндегі 117 палестиналық әйел мен бала босатылды.

 

Серіктес жаңалықтары