Ресейде бензин бағасы соңғы алты айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді
Мұнай компанияларына жасалған шабуылдар салдарынан Ресейде бензин бағасы соңғы алты айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді. АИ-95 бір тоннасының бағасы жарты жылда алғаш рет 60 000 рубльден асты, деп жазады РБК. Санкт-Петербург халықаралық тауар биржасының мәліметінше, бұл жанармай экспортына уақытша эмбарго енгізілгеннен кейін баға төмендей бастаған қыркүйек айының соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сарапшылардың пайымдауынша, жанар-жағармай бағасы елдегі мұнай өңдеу зауыттарына ұшқышсыз ұшақтардың шабуылы салдарынан өсіп жатыр.
Соңғы күндері украиналық ұшқышсыз ұшақтар Нижний Новгород мұнай өңдеу зауытына (елдегі ең ірі зауыттардың бірі), одан кейін Рязаньдағы мұнай зауытына және соңында Новошахтинск мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады.
Бұған дейін Нижний Новгород, Волгоград және Туапсе мұнай өңдеу зауыттарындағы технологиялық қондырғыларды жөндеу туралы хабарланған болатын.
Айта кетсеек, 2024 жылдың 1 наурызында Ресей билігі бензин экспортына тыйым салуды қайта енгізген.