Ресейде оқушы бала мемлекетке опасыздық жасау бабымен сотталды
Ресей Федерациясында мектеп оқушысы мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Адыгеяның 18 жастағы тұрғыны Кевин Лик - Майкоп қаласындағы әскери бөлімдерді суретке түсіріп, кадрларды «шетел мемлекетінің өкіліне» жіберген, деп хабарлады Адыгея Республикасының Жоғарғы соты. Онда жас жігіттің әрекетін Ресейдің «саяси бағытымен келіспеушілікпен» және «Украина аумағында арнайы әскери операция жүргізуімен» түсіндірді.
ФСБ Кевин Ликті 2023 жылдың 8 ақпанынан кейін ұстаған. Сонымен бірге, 9 ақпанда қауіпсіздік күштері оқушының анасын «ұсақ бұзақылық жасады» деп айыптап, сот оны 10 тәулікке қамауға алды, деп жазады BBC. Әйелге қоғамдық орында «әдепсіз сөздер айтты» деген айып тағылды.
Басылым атап өткендей, осы сылтаумен Ресейде соңғы жылдары «тыңшылық» істеріне қатысы бар адамдарды қылмыстық іс қозғау үшін тергеу изоляторына жібермес бұрын әкімшілік қамауға алу жиі қолданылған.