Түркияның шығысында жер сілкінді
Түркияның Малатья қаласында Рихтер шкаласы бойынша 4,8 балдық зілзала тіркелді, - деп хабарлайды Arbat.media
Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының (AFAD) хабарлауынша, жерасты дүмпуі 7 шақырым тереңдікте тіркелген. Зілзала эпицентрі Малатья қаласының Акчадаг ауданында орналасқан.
Осы аймақта тұратын кей азаматтар жер сілкінгеннен кейін үйлерінен шығып, түнді көшеде өткізген. Олар жылыну үшін от жағып, шәй ішкен.
Биыл ақпанда елдің оңтүстік-шығысында болған зілзаладан кейін адамдар қатты қорқып қалған. Мамандардың сөзінше, азаматтар бірінші рет жер сілкінгеннен кейін оның қайталануын көшеде күтуі қажет екен. Егер сол кезде адамдар үйіне қайта кіріп кетпегенде құрбандар мен зардап шеккендер саны айтарлықтай аз болатынын атап өткен.
Бұл жағдайда тұрғындар зардап шекпеді. Құрбандар мен бүлінген ғимараттар туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Соған қарамастан ауданда жедел және құтқару қызметі кезекшілікте тұр.