2024 жылы инфляция – 8,4%, 2025 жылы 6,7% болады

5 қазан 2024 11:00 / Новости Казахстана
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады. Олар инфляция, жалпы ішкі өнім және базалық мөлшерлеме бойынша болжамдарын айтты. Сауалнаманың негізгі параметрлері ретінде Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты таңдалған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қыркүйекте мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде төмендеу жағына қарай қайта қарастырылды. Осылайша, Brent маркалы мұнай бағасы бойынша респонденттердің 2024 жылға күтулері орташа жылдық есеппен барреліне — 83,5-тен 80 АҚШ долларына дейін, 2025-2026 жылдарға — 80-нен 75 АҚШ долларына дейін төмендеді», — деп хабарлады Ұлттық банктен.

2024 және 2025 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар 4% және 5% деңгейінде сақталды, ал 2026 жылға болжам 4,4%-дан 4,5%-ға дейін біршама өсті.

Респонденттер 2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжамдарын 8%-дан 8,4%-ға дейін көтерді, ал 2025 жылға — 6,9%-дан 6,7%-ға дейін төмендетті. 2026 жылы инфляция бұрынғыдай 6% деңгейінде күтіліп отыр.

Сарапшылар жоғары базалық мөлшерлеме бұрын күтілгеннен сәл ұзағырақ сақталады деп болжайды. Осылайша, болжамға сай 2024 жылға жылдық орташа 14,5%-дан 14,6%-ға дейін, 2025 жылға — 11,9%-дан 12%-ға дейін, 2026 жылға — 10%-дан 10,1%-ға дейін өсті.

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін еске саламыз. Онда қазақстандық және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу жасалады.

 

Серіктес жаңалықтары