Абай ауданында көпбалалы ана адам саудасы үшін сотталды
Сот деректеріне сәйкес, 2024–2025 жылдары Аягөз қаласының тұрғыны әлеуметтік тұрғыдан осал, көбіне мас күйінде жүрген азаматтарды әдейі іздеп, олардың сеніміне кірген, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ол адамдарды жұмысқа орналастыруды уәде етіп, фермерлік шаруашылықтарға жіберген. Алайда жұмыс берушілер аударған қаражатты өз пайдасына жұмсап отырған.
Тергеу барысында бес эпизод дәлелденді. Шаруа қожалықтарының иелері әйелдің жеке есепшотына 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша аударып отырғаны анықталған.
Сотта «Күміс алқа» иегері өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтейтінін айтты. Жәбірленушілер де онымен татуласқанын жеткізіп, қатаң жаза қолданбауды сұраған.
Соған қарамастан, сот үкімімен әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.