Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматыда қоғамдық көліктің ішінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Соның салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдама тұрған адамдарды қаққан.
Ал автобус жүргізушісін ұрған ер адам ұсталып, қамауға алынды.
«Автобус жүргізушісін ұрған ер адамға қатысты ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) және ҚР ҚК 351-бабы (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматыда аялдамада болған апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.
Үш ересек адамға жабық бас жарақаты, ми шайқалуы, біреуіне сол жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозы қойылып, N7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды.
Төртінші зардап шеккен 15 жастағы бала сол табан сүйектерінің сынуы диагнозымен N2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды.
Автобусты жүргізген әйелге жабық бассүйегі жарақаты, ми шайқалуы диагнозы қойылды.
Зардап шеккендерге психологиялық және өзге де қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.