Алматыда V Жастар театры форумы басталды

4 маусым 2024 13:00 / Новости Казахстана

3-9 маусым аралығында Алматы қаласында 9 мемлекеттің қатысуымен V Жастар театр форумы өтеді. Осыған орай, Алматы театрында ТМД елдерінің бесінші жастар театр форумының ашылуына арналған баспасөз конференциясы өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Алматы қаласында 9 елден - Əзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тəжікстан жəне Өзбекстаннан 35 жасқа дейінгі 200-ден астам режиссер, драматург және өзге де театр майталмандары жиналды. Форум ТМД елдерінің шығармашыл жастарының мəдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.

- V Жастар театр форумы барысында 9 елден 9 спектакль қойылады. Әділқазылар алқасы олардың арасынан жеңімпаздарды анықтап, оларға қаржылай сыйақы мен алтын, күміс және қола қолшатыр сыйлайды. Форумның үздік қойылымы 2025 жылы Мәскеуде өтетін А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне қатысуға мүмкіндік алады. Форум 2012 жылы Кишиневте, 2015 жылы Минскте, 2018 жылы Ереванда, 2021 жылы Ереванда өткен болатын. Енді 2024 жылы Алматы қаласында театр майталмандары жиналғанына қуаныштымыз, - деді ТМД елдерінің бесінші жастар театр форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Фархад Молдағали.

Форум барысында спектакльдерден бөлек суретшілер каталогтары мен жас драматургтердің пьесалар жинақтары, шеберлік сыныптары, семинарлар, танымал театр қайраткерлерінің дəрістері ұсынылмақ.

- Меніңше, театр өнері жеке көзқарасқа байланған. Театр бұл спорт емес. Сондықтан мұнда жүлделі орын алу басты мақсат емес. Бұл форумның маңызы - оның ағартушылық пайдасында, мәдениет пен әртүрлі салт-дәстүрлердің байланысында. Бүгінгі шиеленіскен әлемде театр мен өнер - ең жақсы дипломаттар деп айта аламыз. Форум негізінен жастарға бағытталған, ал жастар біздің болашағамыз. Осы жастар бір-біріміздің мәдениетімізді, өмір салтымызды түсініп, сыйлайтын болса, әлемдегі жағдай болашақта жақсара түседі деп үміттенемін, - деді А.С.Пушкин атындағы Мəскеу драма театрының көркемдік жетекшісі Евгений Писарев.

Жапониядан келген режиссер Мотои Миура форум барысында жастардан жаңа идея мен әдіс-тәсілдерді үйренуден үміттеніп отырғанын айтты.

- Форум кезінде спектакльдерге баға беремін деу - артық болар. Мен театр сүйер адам ретінде барлық қойылымдарды асқан қызығушылықпен тамашалаймын. Қандай да бір тың идея не әдістер көрсем, оларды болашақта өзімнің қойылымдарымда қолданамын. Өз білгенімді сіздермен бөлісіп, жаңа нәрселерді сіздерден үйреніп Жапонияға апарсам деймін, - деді «Читен» жапон театрының көркемдік жетекшісі Мотои Миура.

Айта кетейік, ТМД елдерінің бесінші жастар театр форумының шымылдығын Фархад Молдағалидің «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклі ашты.

Серіктес жаңалықтары