Алматыдағы мектептерде террористік акті туралы хабарлама тарады: полиция мәлімдеме жасады
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы қаласындағы бірқатар мектепте террористік актілер дайындалып жатқаны жөнінде жалған ақпарат таралып жатыр. Осыған байланысты қалалық ПД мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arbat.Media.
"Ресми түрде хабарлаймыз: аталған мәлімет шындыққа сәйкес келмейді және фейк болып табылады.
Қазіргі уақытта қаладағы білім беру ұйымдарындағы ахуал толық бақылауда. Полиция және өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде, балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды.
Жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары басталды. Фейк хабарламаның авторы мен таралу көзі анықталуда. Оған қатысы бар тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге бой алдырмауға және тек ресми ақпарат көздеріне – мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының хабарламаларына ғана сенуге шақырады.
"Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату – ауыр құқық бұзушылық болып саналады және заңмен қатаң жауапкершілікке әкеп соғады. Тексерілмеген хабарламаларды таратпауға, қайта жолдамауға шақырамыз", - делінген ПД хабарламасында.