Алматының әкімі мердігерлерге қатаң ескерту жасады
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мерзімнің сақталмауы мен жұмыстың сапасыз орындалғаны үшін мердігерлерді сынға алды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Дархан Сатыбалды мердігер ұйымдардың құрылтайшыларымен өткен кеңесте қаланың жобаларға немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін мәлімдеген.
Әкімнің айтуынша, миллиардтаған қаржы алған мердігер ұйымдар уәде етілген мерзімде ісін аяқтамай, сапасыз жұмыс істеп, қала келбетіне нұқсан келтіріп отыр.
"Бірнеше ондаған техника мен жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған нысандарда бар болғаны бір-екі көлік пен санаулы адам жүр. Ал тұрғындар опырылып кеткен жолға, шаң мен топыраққа, қазылғаннан кейін қайта қалпына келтірілмеген аумақтарға шағымданып жатыр. Бұл – жұмыс емес, бұл – жауапсыздық", - деді Алматы әкімі.
Қала басшысы мердігерлердің салғырттығы салдарынан жобалар ұзаққа созылып, кейде қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалатынын, құрылыс барысында технологиялық талаптардың сақталмауы мен қазылған жолдың қайта қалпына келтірілмеуін де сынға алған.