Ақтауда ер адамды сыныптастары өлтіріп, мүрдесін үйіне тастай салған
Ақтау маңында Жандос Өтемұратовты сыныптастары өлтіріп кеткен. Жәбірленуші тарап күдіктілерге тағылған айыптың жеңіл екенін айтып, наразылық танытты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Айыпталушы Өтемұратовтың қазасын бірінші боп әкесіне жеткізген. Бірақ жедел жәрдем мен полиция шақырмауын сұрап, оның өліміне ешкімнің қатысы жоқ екенін айтқан. Тіпті айыпталушы мен оның әйелі «марқұмды қаза болған жерінде көме салайық» деп ұсыныс тастаған.
Қылмыстық іс бойынша сот кеше, 23 шілде күні басталған. Бірақ заңгер Инга Иманбай прокуратураның қарастырған бабымен келіспейді.
«Прокуратура өте жеңіл бап пайдаланып, 106-баптың 3-бөлігімен іс сотқа жетіп отыр. Біз, жәбірленуші тарап мұнымен келіспейміз. Бұл қасақана жасалған өлім екенін және бір адамға ғана қатысты емес, топтық сипаттағы қылмыстық кодекстің баптарының құрамы бар екенін дәлелдейтін боламыз», деді заңгер.
Инга Иманбайдың айтуынша, бірінші сот отырысында судья тікелей эфир жүргізуге рұқсат бермеген. Заңгер сол үшін барлық жағдайды әлеуметтік желі арқылы айтып отыруға мәжбүр екенін мәлімдеді.