Ақтауда құлаған ұшақ апаты туралы тың дерек шықты
Вице-премьер Қанат Бозымбаев брифингте өткен жылдың желтоқсанында Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағы не себепті зақымданғаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Тілшілер вице-премьерден "Алдын ала тергеу барысында ұшаққа "Сыртқы объектілердің енуі" салдарынан "тұтас тесіп өткен" зақым келгені айтылды. Тергеу комиссиясы осы нұсқаны әлі ұстанып отыр ма, әлде басқа нұсқа бар ма?" деп сұрады.
Қанат Бозымбаев бұл сұраққа былай деп жауап берді:
"Фюзеляж ішінде сыртқы объектілердің сынықтары табылды, олар толықтай тергеу-оперативтік топпен алынды. Қазір бұл заттарды Қазақстанның Бас прокуратурасы жарылыс-техникалық криминалистикалық сараптамаға жіберді. Біз сол сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Тек сол сараптама негізінде нақты не болғанын айтуға болады. Көзбен қарағанда – мен өзім де сол тесіктерді көрдім, қолмен ұстап та көрдім. Сондықтан қандай да бір қорытынды тек криминалистикалық және жарылыс-техникалық сараптама нәтижесіне сүйеніп жасалады. Біз ұшақтың қашан зақымданғанын білеміз, бірақ немен зақымданғанын білмейміз. Осы "немен зақымданғанын" анықтау үшін құқық қорғау органдары тағайындаған екі сараптаманың нәтижесі қажет", – деді вице-премьер.