Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев 8 жылға сотталды
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының экс-төрағасы болған тұстағы ісі үшін сотталды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ол Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпты деп танылды.
№2 Ақтөбе сотында Ермек Имантаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім оқылды. Айыпталушы үкімді тергеу изоляторында отырып тыңдады.
«Ермек Имантаев Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оған мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті атқарушы билікте, ҚР Ұлттық банкінде, қаржы саласында, квазимемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылу жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны – қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі», – деді №2 сотының судьясы Теміржан Алданов.
Сонымен бірге сот «Ақтөбе» ӘКК-нің арызын қанағаттандырып, Имантаевтан мемлекетке 199 млн 400 мың теңге, баж салығына 5,9 млн теңге өндіріп алуды үкім етті.