Ақтөбеде тағы бір ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр
Ырғыз ауданында Құйлыс ауылының тұрғындарын эвакуациялау жұмысы басталды. Мұнда 500-ден астам адам тұрады.Ырғыз ауданында бұған дейін Нұра, Мамыр және Белшер ауылдарынан 900-ге жуық адам эвакуацияланды. Қазіргі кезде Мамыр мен Нұра ауылдарына су кіргені белгілі. Енді төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен еріктілер Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарын судан қорғау үшін жағалауды бекітіп, құм толы қап төсеп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
— Нұра ауылдық округі бойынша 34 үйге, 5 ғимаратқа су кірді. Мамыр ауылында 10 үйге су кірді. Мұнда екі үй құлады. Қазір Тәуіп ауылдында тұрғындарды көшіру жұмысы жүріп жатыр. Онда 500-ден астам адам тұрса, оның жартысы әйелдер мен бала-шаға. Алдымен соларды, сонымен бірге зейнеткерлерді көшіреміз, — деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Тәуіп ауыл округінің әкімі Камал Тілеужановтың айтуынша, қазір ауылда 7 техника бар.
Бұл көліктердің бәрі жағалауды құммен бекіту, биіктету жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылған.
— Ауылда 541 адам тұрады. Олардың бір тобын тікұшақпен аудан орталығына жібердік. Әйелдер мен балалар ғана көшіріледі, ал ер адамдар қалады. Жылдам көшіру үшін тікұшақ қолданылып жатыр. Қазір біздің ауылдың жан-жағында су бар. Қайықпен, жол талғамайтын көлікпен өтуге болады. Бірақ тікұшақ тез эвакуациялауға мүмкіндік береді. Негізі бізге Ырғыз өзенінің суы келді. Қазір Торғай өзенінің суына дайындық жасап жатырмыз. Біз Ырғыз өзенінен су келетін соңғы нүктенің біріміз. Бізден кейін Жайсаңбай ауылы бар, — деді Тәуіп ауылдың округінің әкімі Камал Тілеужанов.
Айта кетейік, бүгінге дейін ауылдардан 887 адам эвакуацияланды. Оның 357-і эвакуациялық пунктке орналасты.