Астанада үстіне бетон плитасы құлаған 17 жастағы бала көз жұмды
Астанадағы құрылыс алаңында кәмелет жасқа толмаған баланың үстіне бетон плитасы құлап, ол сол жерде жан тапсырды. Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте болған, деп хабарлайды Arbat.Media.
17 жастағы ер бала жұмысына небәрі екінші күн ғана барған. Анасының айтуынша, ұлын бетон плиталардың бірі қысып қалған. Негізінде ол тек құбыр орнын қазушы болып істеген, бірақ сол сәтте мүлдем өз қызметіне қатысы жоқ, бетон көтеруге көмекке шақырылған. Сағат 15:00 шамасында ол анасына хабарласып, телефон қуаты таусылғалы тұрғанын және кешкі сағат 18:00-де үйге келетінін айтқан. Алайда бұл оның соңғы қоңырауы болыпты.
"Балалардың айтуынша, басшылары көмекке шақырған. Ең соңғы бетонды көтеріп жатқан кезде бәрі үлгеріп, қашып кеткен. Менің балам қалып қойған, басын қысып жіберді дейді ғой. Көрген жоқпын. Баламды көрсеткен жоқ", - деді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова.
Қайғы жұтқан ана кран мен жүк көлігін басқарған жүргізушілердің қан құрамынан есірткі заттарының ізі табылғанын айтқан. Бұл туралы марқұмның туыстары тек қорғаушы жалдағаннан кейін ғана білген. Анасы "басында тағдырдың жазғаны шығар деп өзімізді жұбаттық, бірақ мұны естіген соң, мүлде басқа сезімде болдық" дейді. Олар кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.