Атырауда мейрамхана есепшісі 44 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған
Атырауда мейрамхана бизнесінде есепші болып жұмыс істеген 41 жастағы әйелдің кәсіпорын шоттарынан 44 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аударғаны анықталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Сот материалдарына сәйкес, Г.Д. бірнеше жыл бойы кәсіпкер Нұрлан Мукушевтің мейрамхана бизнесіне қарасты компанияларда бухгалтер қызметін атқарған. Оның ішінде Azattyq даңғылындағы Barma мейрамханасының есеп-қисабын жүргізген.
2024 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында Barma шотынан шамамен 28 млн теңге шығарылған. Оның ішінде 15,8 млн теңге жабдықтарға техникалық қызмет көрсету үшін төленген деп көрсетілгенімен, іс жүзінде мұндай қызмет көрсетілмеген. Тағы 4 млн теңге жөндеу жұмыстарына аударылған, алайда ол жұмыс та орындалмаған.
Жыл соңында бухгалтер өз Kaspi шотына «тауарлар үшін есепті сома» деген негізбен 8,1 млн теңгеден астам қаражат аударған. Алайда бұл ақшаға ешқандай тауар сатып алынбаған.
Одан бөлек, Г.Д. сол мейрамхана тобына кіретін тағы бір кәсіпкерлік нысанның бухгалтериясын жүргізген. Оның шотынан тағы 16,1 млн теңге аударылған. Осылайша екі кәсіпорын бойынша заңсыз аударылған қаражат көлемі 44 млн теңгеден асты.