Атыраудағы сібір жарасы: Қасапхананың тағы бір жұмысшысынан ауру белгісі табылды

29 қараша 2024 16:20 / Новости Казахстана
Фото: ҚазАқпарат

Атыраудағы «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пунктінде жұмыс істеген тағы бір адамнан сібір жарасының белгісі анықталды. Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің растаған ақпаратына сүйенсек, бұл – сібір жарасының белгісі табылған екінші науқас, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Науқастың өзі медциналық көмек алуға жүгінген. Өйткені, бұл адамда сібір жарасының алғашқы белгілері байқалған. Зертханалық талдау қорытындысымен ауру белгісі расталып, диагноз қойылды. Ол медициналық хаттамаға сәйкес ауруханаға жатқызылып, ем-дом алып жатыр», -деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.

Оның мәліметінше, Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мал сою цехтарынан, ірі базарлар мен сауда нүктелері секілді 67 нысаннан 700-ден астам сынама алған. Сынамалардың талдау қорытындыларынан сібір жарасының белгісі табылмаған.

«Қазір Атырау облысының аумағына мал тиеген көліктердің кіріп-шығуы қатаң бақылауға алынды. Полиция және ветеринариялық қадалау мамандары көліктердегі малдың құжатының, оның ішінде жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егілгені жөніндегі анықтаманың заңдылығын тексереді. Көліктегі малдың дене қызуы өлшенеді», -деп мәлім етті Руслан Жұмағазиев.

Сондай-ақ, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында тұрған 225 малға вакцина салынған.

 

Серіктес жаңалықтары