Ауыр жұмыстағыларға арнайы әлеуметтік төлем

30 желтоқсан 2023 13:12 / Новости Казахстана

Президент Жолдауында: «Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді», деді, - деп хабарлайды Arbat.media

Бұрын денсаулыққа кел­ті­ріл­ген зиян­ды өтеу бойынша төлемдер өмір бойы төленетін. Бірақ 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістердің салдарынан мұндай төлемдер зейнет жасына келген кезде тоқтатылатын болды. 

Депутаттық сауалға берген жауабында вице-премьер Т.Дүйсенова: «Жұмыс­кер­лердің жекелеген санатын өмір бойғы төлеммен қамтамасыз ету мақ­сатында «Қызметкер ең­бек (қызметтік) міндеттерін атқар­ған кезде оны жазатайым оқи­ға­лардан міндетті сақтандыру туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу көзделіп отыр. Мәселен, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырға де­йін белгіленген және қайта куә­ландыру мерзімінсіз 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған адам­дарға сақтандыру ұйым­да­­рынан олардың кәсіптік ең­бекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру мерзіміне сақтандыру төлем­де­рін алу құқығы берілетін болады, яғни төлемдер зейнет жасына толғаннан кейін де жасалады», деп мәлімдеді.

Осылайша, мүдделі мемле­кеттік ор­гандар бізге белгісіз се­бептермен 2015 жылы өз қол­да­рымен туындатып, мыңдаған регресшінің әлеумет­тік жағ­дайын қиын­датқан проблемаға Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, тікелей араласқан соң, Үкімет оны шешу шараларын айқындады. Бұдан бөлек, ауыр жұмыстарды атқарып, ден­саулығына зиян келтіріп жүрген адамдарға шын мәнінде 55 жас­та зейнетке шығумен пара-пар жеңілдік те қарастырылды. Ол – алғаш рет арнайы әлеуметтік төлемнің (АӘТ) енгізілуі.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігінің түсіндірмесіне қа­ра­­ғанда, АӘТ-ті тағайындаудың мін­дет­ті шарт­­тары – 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорын­да (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы ауда­рым­дарының болуы. АӘТ төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақ­тан­дыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөл­шерінде; жұмыс беру­шілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.

Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер Еңбек жағдай­лары зиян­ды жұмыстармен айналысатын жұ­мыс­­­кер­лердің, өндірістердің, жұ­мыс­­тар­дың, кәсіптердің тізбесіне ен­гізіл­ген жұ­мыс­­керлер үшін мін­детті кә­сіптік зей­нетақы жарналарын аударады.

АӘТ-ті еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін, жасы 55-ке келген азаматтар келесі жылдан бастап алатын болады. 

 

Серіктес жаңалықтары