Автокөлік көпірінен құлаған әйел аман қалды

20 қазан 2023 1:11 / Новости Казахстана

Петропавлда белгісіз жағдайда автокөлік көпірінен құлаған әйел аман қалды, - деп хабарлайды Arbat.media.

32 жастағы қала тұрғынын мұздай судан полиция қызметкері алып шыққан. 

Петропавл полиция басқармасына Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің жанындағы суда жағаға шыға алмай жатқан әйелге көмек керек деп хабарласқан.

"Қараңғыда әйелді көре алмадық, тек көмек сұраған дауысы шығып жатты. Ол қараңғыда жағадан алыстап, қамыс арасына кіріп кетуі мүмкін. Шамның жарығын көрген әйелдің өзі маған қарай жүруге тырысты, бірақ орнынан қозғала алмады", - дейді полиция қызметкері Олег Головин.

Тәртіп сақшысы оны жағаға алып шықты. Тоңып қалған 32 жастағы Петропавл тұрғынын медициналық мекемеге жеткізді. Полиция кіші лейтенанты Олег Головин киімін ауыстырып, қызмет өткеруін жалғастырды.

Автор
Серіктес жаңалықтары