Автомобильдердің «көлеңкелі» импортына бақылау күшейтіледі
Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева Үкімет отырысында машина жасау саласындағы қазіргі ахуал туралы хабардар етті, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Мәселен, жалпы машина жасау саласындағы автомобиль жасау үлесі 39,4%-ды құрады, ал есепті кезеңде жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автомобильдердің үлесі 63%-ға жетті», - деді ол.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 130 мыңнан астам жеңіл автомобильдер мен коммерциялық техника шығарылады деп күтіліп отыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Автоөндірушілердің алдында тұрған негізгі проблемалардың қатарында логистика, сондай-ақ Қазақстанға «қылмыстық» өткені бар және техникалық регламентке сәйкес келмейтін автомобильдерді әкелу ісі тұрғаны атап өтілді. Осыған байланысты Премьер-министр мемлекеттік органға көлікті «көлеңкелі» жеткізу ісімен айналысуды тапсырды.
«Мәселе өте маңызды. Ол отандық автоөндірушілер үшін жосықсыз бәсекелестік туғызады. Бұл әсіресе жүк көлігінде байқалады. Кеден органдары, стандарттау комитеті бұл мәселемен байыпты айналысуға тиіс. Сондай-ақ полиция да қосылуы керек. Мен автомобиль зауыттарының бірінде өндірушілермен кездестім, олар: «біз өндіреміз, бірақ мұнда Еуро2 ретінде келетін техникамен бәсекеге түсе алмаймыз, оларда Еуро5 құжаттары қандай да бір керемет жолмен пайда болады» деп айтты. Мұнда қатаң тәртіп орнату қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.