Бағлан Әбдірайымов тегін ән айтып беруін сұрайтындарды сынады

9 қазан 2026 18:45 / Новости Казахстана

Танымал әнші, “Жігіттер” тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымов өнер адамдарының еңбегін бағалау қажеттігін айтып, тегін ән орындауды сұрайтын таныстарына ренішін білдірді, деп хабарлайды Arbat.Media .

Өнер иесінің айтуынша, соңғы уақытта шығармашылық жұмысына қайта белсенді кіріскеннен бері түрлі жиындар мен тойларда тегін ән айтып беруін өтінетін таныстары көбейген.

Әнші бұған дейін достары мен жақындарының қуанышына талай рет ақысыз қатысып, сахнада өнер көрсеткенін жасырмады. Алайда енді шығармашылық еңбегінің лайықты бағаланғанын қалайды.

Бағлан Әбдірайымов бір әнді жарыққа шығару үшін қомақты қаржы жұмсалатынын айтып, көпшілік біле бермейтін шығындарды түсіндірді.

“Бір әннің өзіне 500 мың теңге кетеді. Оның халықтың көңілінен шығатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Кей әншінің шықпай қалған 10-15 әні болады. Есептей беріңіз, қанша миллион теңге шығын. Ал халықтың көңілінен шыққан әнге клип түсіріп, бейнебаянға адам жалдайсың, ротацияға ақша кетеді. Бір әнді халыққа жеткізу үшін 5 миллион теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін”, – деді әнші.

Серіктес жаңалықтары