Балабақшада 7 айлық сәби бесікте жатқан күйі ажал құшты
Атыраудағы баланы үйден бағатын жекеменшік нысандардың бірінде 7 айлық сәби көз жұмған. Ал әділдікке жете алмай жүрген ана сәбиінің өліміне бөбекжай өкілі кінәлі деп санайды, деп хабарлайды Arbat.Media Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Қайғыдан қан жұтқан Гүлзия Бекболат жеті айлық ұлынан айырылып қалғанына әлі де сене алар емес. Оқиға былтыр қазанда болған. Зар жылаған ананың сөзіне сүйенсек, бесікте жатқан баласының көзі айналып, денесі суықтай бастаған сәтте бөбекжай қызметкерлері бірден хабарласып, ұлын емханаға апарған. Бірақ дәрігерлер шұғыл көмек көрсеткенімен сәбиді аман алып қалу мүмкін болмаған. Келіншек жарық дүниені танып үлгермеген ұлым бұрын-соңды сырқаттанбады деп отыр.
«Балам балабақшада бесікте жатып қайтты. Сағат 16:00 шамасында бөлеген, бір сағаттан соң қараса, баламның көзі айналып, денесі салқындап кеткен. Реаниматологтың айтуы бойынша баланы бесіктен шешкен, соңғы демі біткен соң жүріп кеткен. Балам жіпке қысылып қалуы мүмкін. Экспертиза бронхы пневмония деп берді. Келіспеймін. Әркім өз жазасын алсын. Іс сотқа жеткенін қалаймын. Істі қысқартып тастады», – деді сәбидің анасы Гүлзия Бекболат.
Аманаттап тапсырған баламды қараусыз қалдырғандар тиісті жазасын алсын деген келіншек соңына дейін күресуге бекініп отыр.
«Күтушіге аманаттап тапсырдым, ақшамды төлеп отырмын, баланы дұрыс қарау керек еді. Бала қарусыз қалды. Сотқа жетуін, әділ шешім шығуын және бұл бөбекжайдың жабылуын қалаймын. Себебі олар заңсыз жұмыс жасап отыр. Маған қаншама адам жазып жатыр», – деді сәбидің анасы Гүлзия Бекболат.
Мәселенің мәнін білейік деп, бөбекжай өкілдерімен байланысқа шықтық. Олар жекеменшік үйде баланы бағуға келіскендерін растады. Әрі лицензиясыз жұмыс істегендерін де мойындап отыр. Бірақ шағын балабақша шетінеген сәбидің әу баста ауру болғанын айтты. «Өз тарапымыздан тек алғашқы көмек көрсете алдық» деген олар сәби өліміне қатысы жоғын алға тартты
Ал облыстағы жауапты басқарма мекеме туралы білмеген.
«Оқиға бойынша өтініш тіркелген жоқ. Арыз-шағым түскен жоқ. Департаменттің тексеру құзіретіне жататын мәселе болса, тексеріс жүргіземіз. Ары қарай заңды шараларын қабылдаймыз. Бөбекжай үйден ашылғанда талаптары, санитарлық сәйкестігі туралы қорытынды алуы керек», – деді облыстық Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев
Ал полиция аталған дерек бойынша істі қысқартылғанын растады.
«Қалалық полиция бөліміне қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілді. Бала өлімінің себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Сараптама қорытындысына сәйкес, қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс қысқартылған», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Жасқа жетпей, ажал құшқан Ахмет – үйдегі екінші бала. Сап-сау жүрген сәбиінен айырылып қалған отбасы ісіне салғырттық танытқандар әділ жазасын алсын деп отыр.