Бас мүфти Құрбан айтта мал бағасын қолдан көтермеуге шақырды

14 маусым 2024 18:00 / Новости Казахстана

Құрбан айт қарсаңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы брифинг өткізіп, кәсіпкерлерді мал бағасын қолдан өсірмеуге шақырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

16 маусым күні Құрбан айт мерекесі басталады. Ұлық мейрам қарсаңында мал бағасын қолдан көтеру құбылысы жыл сайын қайталанады. Осы мәселеге ден қойған Бас мүфти кәсіпкерлерге халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп баға бекітуді ұсынды.

«Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», деген. Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ бас мүфти құрбан айт мейрамының басты мақсаты мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін еске салды.

 

Серіктес жаңалықтары