Батыс Қазақстанда мамандар сібір жарасы көмінділерін тексерді

11 сәуір 2024 9:00 / Новости Казахстана

Батысқазақстандық ветеринар мамандар эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп Сырым ауданындағы су басқан 3 сібір жарасы көміндісі орналасқан жерді тексерді. Бетондалған саркофагтар мен қоршаулардың тұтастығы бұзылмағаны анықталды. «Орал обаға қарсы станциясы» ММ Жымпиты бөлімшесінің мамандары осы көмінді орындарынан топырақ сынамаларын алды. Сынамалар топырақта сібір жарасы спораларының болуын зерттеу үшін «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа» жіберілетін болады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Облыста сегіз  мал қорымы су астында қалса, соның үшеуі Бөрлі ауданында, біреуі Қаратөбеде, үшеуі Сырымда, біреуі Теректіде орналасқан. Мал қорымдары жұқпалы емес аурулардан өлген жануарларды көмуге арналған. Сол себепті мал қорымдарын су басқан жағдайда да ауру таралмайды.

«Ветеринар мамандар мен жергілікті атқарушы органдар мал қорымдарын тексеріп, су тасқыны кезінде өлген жануарлардың өлекселерін көмуді жүргізіп жатыр. Барлық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін мал қорымдарының аумағын дезинфекциялайды. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына, мысалы, сібір жарасы мен қарасанға, құтыруға және басқа да ауруларға қарсы жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізеді», - деп хабарлады ведомстводан.

 

Серіктес жаңалықтары