Баян Алагөзова Оралдағы ерлер мен әйелдер бөлек отырған тойды сынады

2 қыркүйек 2026 18:20 / Новости Казахстана

Оралда ерлер мен әйелдер екі бөлек залда отырған тойдың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Ерекше форматтағы мерекеге продюсер Баян Алагөзова да пікір білдіріп, мұндай үрдісті қазақтың дәстүрлі той мәдениетіне жат деп бағалады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан той қонақтарының ерлер мен әйелдер болып екі залға бөлінгенін байқауға болады. Ер азаматтар бір жерде отырса, әйелдер бөлек залда отырған. Тіпті тойдың басты кейіпкерлері — қалыңдық пен күйеу жігіт те мерекені екі бөлек залда өткізген.

Қонақтарға қызмет көрсету кезінде де осы тәртіп сақталған. Әйелдер отырған залда қыз-келіншектер, ал ерлер залында ер адамдар даяшы болған.

Бұл көрініс желі қолданушыларының арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі тойды ұйымдастыру тәсілін әркімнің жеке таңдауы деп санаса, енді бірі мұндай форматтың қазақтың дәстүрлі тойларына тән емес екенін жазды.

Оқиғаға продюсер Баян Алагөзова да үн қатып, өз ойын әлеуметтік желідегі парақшасында білдірді.

«Қазақтар өз дәстүрлерінен өз еркімен, жұрттың көзінше бас тартып, соны мақтан тұтып отыр. Ең аз дегенде әйелдердің құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынуы керек. Ал ең көбі — бұл ұлттық масқара», — деп жазды ол.

Серіктес жаңалықтары