Бір жасар бүлдіршін мейіргерден туберкулез жұқтырған

28 шілде 2026 9:11 / Новости Казахстана

Оқиға Астанадағы №1 балалар ауруханасында болған. Баланың әкесінің сөзінше, биыл сәуір айында 1 жас 1 айлық ұлы ауыр пневмониямен бес күн емделіп, кейін жағдайы жақсарған соң үйіне шығарылған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Біраз уақыттан соң осы ауруханада жұмыс істеген медбикеден туберкулез анықталған. Сосын ауруханада емделгендерді тексеруге шақырған.

Алдымен балаға манту мен диаскинтест жасалып, екеуі де оң нәтиже көрсеткен. Кейін КТ түсіргенде өкпесінен дақ анықталған. Дәрігерлер бұл бұрынғы пневмонияның салдары болуы мүмкін деп, екі апта антибиотикпен емдеген.

Алайда қайта жасалған КТ-дан кейін балаға «сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің біріншілік туберкулезі» деген диагноз қойған. Енді ол шұғыл түрде туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылады.

Әкесінің сөзінше, комиссия алғашында қорытындыны беруден бас тартып, «12 жыл бұрын анасы туберкулезбен ауырған, балаға содан жұққан болуы мүмкін» деген уәж айтқан. Тек БАҚ-қа шығатынын ескерткен соң ғана медициналық қорытындыны қолына берген.

Серіктес жаңалықтары