Бірыңғай уақыт – саулыққа сеп

1 наурыз 2024 12:00 / Новости Казахстана

Қашаннан жаңалықтың жаршысы болып келе жатқан нау­рыз айы «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Атына сәйкес биылғы наурызымыздың мазмұны, расында да, жаңа уақытпен астасып тұр. Еліміздің барлық өңірінде уақыт белдеуі біріздендірілді. Яғни бірнеше өңірде уақыт бір сағат артқа жылжытылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Қоғамда қызу талқыланған осынау өзгерісті құптай қой­мағандардың бір уәжі бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа кері әсері еді. Алайда медицина мамандары бұлай қауіптенудің қажеті жоқ екенін айтып, бірдей уақыт биологиялық сағатпен де сәйкесетінін алға тартты. Тіпті осы пікірталас ауанында Денсаулық сақтау министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.

«Адам ағзасы тәулік бойы гор­­мон­дардың әсеріне ұшырай­ды және іс жүзінде барлық сергу, ұй­қы, белсенділік, стресс, қал­­пына келтіру үдерістері – жал­­пы организмнің жұмысы гор­­мон­дардың түзілу уақыты мен дең­гейіне тікелей байланыс­ты. Гормондар түзілуінің тәуліктік циклі организмнің тәу­ліктік ырғақтарымен реттеледі. Олар өз кезегін­де табиғи, күн уақытымен басталады және синхрондалады. Бұл үдеріс басқа сыртқы фак­торларға бағынбайды. Орга­низм­нің уақытылы қалпына келуі, ұйқының сапасы, ояту және сергу кезеңдері, ақыл-ой бел­­сенділігі – барлық осы үдеріс­тер белгілі бір гормон­дардың деңгейімен өте жақсы реттеледі. Сондай-ақ қатаң режім мен цикл­ге ие. Сондықтан физиоло­гия­лық функциялардың күнделікті ыр­ғағы тұрақты», делінген ми­нистр­ліктің хабарламасында.

Сонымен қатар мұнда адам миының «гипоталамус» деп аталатын бөлігін бас­қа­­ратын орга­низмдегі биологиялық сағат­тың рөлі жөнінде мағлұмат бар. Гипоталамус көру нервтерінен жарық пен қараңғылықтың өзгеруі туралы тікелей ақпарат алады. Сондай-ақ тәуліктік ыр­ғақ­тың негізгі реттеушісі – мелатонин гормо­нын шығаруға жауап береді. Басқаша айтқан­да, мелатонин – ұйқы гормоны, яғни ішкі биологиялық сағаттарымызды іске қосу серіппесі.

Қысқа мерзімде режімнің бұзылуы көбінесе иммунитеттің төмендеуіне, қатты шаршауға, ақыл-ой белсенділігі мен есте сақтау қабілетінің төмен­деуіне, басқа да көптеген сал­дар­ға әкеледі. Табиғи емес уақыт бел­деуін­де ұзақ уақыт болу, әрине, дене­нің бейімделуіне тура келеді, бірақ денсаулыққа ауыр зардабын тигізеді.

Осы орайда Астана медицина университеті қалыпты физиология кафедрасының меңгеру­шісі Курейш Хамчиев биологиялық сағаттың ерек­шелігіне тоқталып, мұның уақыт бел­деуі­мен қаншалықты үйлесетінін айтып берді.

«Ұзақ жыл бойы Қазақстан хал­қының басым бөлігі UTC+6 уақыт белдеуі бойынша, яғни қабылданбаған уақытқа сәйкес өмір сүріп келеді. Алайда UTC+6-ның орталық меридианы тіпті Қазақстан аумағынан да өтпейді. Айталық, Өскемен қаласы UTC+6 өлшемінің ең батыс бөлігінде орналасқан. Яғни өз уақытынан әлде­қайда алда тұр. Шын мәнінде бұл шаһар UTC+5,5 уақыт белдеуі­нің басында жатыр. Ал Қостанай облысында қолданыстағы уақыт (UTC+6) табиғи UTC+5-пен сәйкес келмейді. Мұның салдарынан 17 жылдан бері балалар уақытынан бұрын оянуға мәжбүр. Осы ретте кешкі сағат 22.23-те көшеде күндізгідей жарықтың сақталып отырғаны байқалады. Бұл, әсіресе ұйқысыздықтан әбден мезі болған адамдарға, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтарға қиын», дейді К.Хамчиев.

Оның айтуынша, биологиялық сағат – адам ағзасындағы иммундық немесе жүрек-қан тамырлары секілді маңызды жүйелердің бірі. Аталған сағат бізге қоршаған ортаның ырғағымен үйлесім табу үшін қажет. Мәселен, күн мен түннің өзгерген кезінде немесе жыл мезгілдеріне бейімделу үшін оның өзектілігі арта түседі. Біздің ағзамызды басқаратын сағат үш деңгейде жұмыс істейді. Біріншісі – әрбір жасушада жасырылған кішкентай сағат меха­низмі. Ол барлық жасушада синтез­делетін арнайы сlock-ақуыздары деп аталады. Сlock-ақуыздарының бір бөлігі таңертең түзіліп, жасушадағы метаболизмді белсендірсе, екіншісі кешке қарай метаболизмді тежейді. Осылайша, әр жеке жасушаның күн­делікті немесе тәуліктік ырғағы жолға қойылады.

«Барлық жасушаның ырғағын үй­лес­тіретін арнайы без эпифиз немесе домалақ без деп аталады. Ол адам­ның ұйықтау үдерісі мен оянуын, көңіл күйін реттейтін ағзадағы мела­тонин мен серотонинді бөлетін гормондар. Күндіз аталған без «бақыт гормоны» серотонинді шығарып, қараңғы түскенде ол «ұйқы гормонын» мелатонинге айналады. Бұл ұйқымызды тереңдетіп, толық етеді. Мелатонин жеткілікті мөлшерде тек түнде бөлінеді. Шамалы жарықтың өзі оның көлемін азайтатынын атап өткен жөн. Бұл гормон тым қысқа уақытта ғана қызмет етеді – сағат 23.00-01.00 аралығында. Сондықтан да осы кезге дейін ұйқыға дұрыстап көңіл бөлген дұрыс. Сонымен бірге бұл уақытта гипофиз безі есірткіге әсер ететін опиоидты гормондар – эндорфиндер мен энкефалиндерді бөліп, ағзадағы адреналин көлемі төмендей­ді. Нәтижесінде, адам қалыпты ұйқыға кетеді. Оянуға дейін адам ағзасы күндізгі белсенді әрі сергек өмірге дайын болуы керек. Бұл кезде бүйрек үсті безінің қыртысы таңғы 6-7-де жүйке жүйесін қоздыратын кортизол гормонын бөле бастайды. Дәл осы уақытта адамның тұрып кеткені абзал. Неге десеңіз, сергектік гормоны мен кортизол энергиясы стресс гормонына айналуы мүмкін. Соның кесірінен үйлесімділік үдерісі нашарлап, ұзақ уақыт бойы шаршауға, депрессияға, ұйқысыздыққа, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және басқа да ауруларды қоздыратын биологиялық ырғақтың бұзылуына әкелуі ғажап емес. Жедел инфаркт пен мидың гемор­рагиялық инсульті негізінен таңертең глюкокортикоидтардың бөлі­нуіне байланысты пайда болады. Осы орайда табиғи және биологиялық сағаттарды үйлестіру біздің қолымызда екенін ұмытпайық. Бұл – ұлт денсау­лығын сақтаудағы маңызды қадамдар­дың бірі, осыны ескеруіміз қажет», дейді дәрігер К.Хамчиев.

 

 

Серіктес жаңалықтары