Биыл қай өңірлерде құрғақшылық болуы мүмкін?
«Қазгидромет» РМК Агрометеорологиялық мониторинг және болжау департаментінің директоры Нонна Лоенко мамыр айында құрғақшылық болуы мүмкін өңірлерді атады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстанның солтүстігінде егіс мамыр айының ортасында басталады. Алдын ала болжамға сәйкес, бұл ай ыстық болады. Мәселен, республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр.
«Республиканың қиыр батысында жауын-шашын мөлшері орташа климаттық көрсеткіштерден асып түседі деп күтіледі. Ұлытау, Қызылорда, Қостанай және Ақмола облыстарында, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарының солтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері аз болады», деді Лоенко брифинг барысында.
Еріген қар суының көп мөлшерін ескере отырып, астықты аймақтардың көпшілігінде егіс кезеңінде топырақтағы ылғалдың оңтайлы қоры күтіледі.
«Қызылорда облысының Қармақшы ауданында атмосфералық құрғақшылық, сонымен қатар жауын-шашын тапшылығы және жоғары температура күтіледі», деп қосты департамент басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, биыл синоптиктер Қазақстанның басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Мамыр айының өзінде еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы 40 градустан жоғары болады.