Блогер жарнама түсіремін деп түрмеге тоғытылды

17 маусым 2025 18:46 / Новости Казахстана

Жамбылда қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Ведомство мәліметінше, супермаркеттердің бірінің жарнамасын түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогер жауапкершілікке тартылды.

"Болашақ көрермендердің назарын аударуға тырысқан ол қойылым ретінде автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырған және жолаушымен дөрекі сөйлесіп, өтіп бара жатқан адамдарды шошытқан", - делінген министрліктің хабарламасында.

Полиция блогерді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартты. Супермаркет жарнамасын агрессивті түрде түсірді деген блогер 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция қызметкерлері азаматтарды көшеде және қоғамдық орындарда заңды бұзбай, өзгелердің өміріне қауіп төндірмеуге, жолда тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.

Серіктес жаңалықтары