Блогерлер 1,2 млрд теңге салық төледі
Елімізде ресми тіркелген 745 блогер бар. Биылғы жылдың 9 айында олар мемлекетке 1,2 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
«Қазақстан Республикасының «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңының ережелеріне сәйкес инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформада басқа да тұлғаларға ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы. Бүгінгі таңда Республика бойынша 745 блогер (тізім әлеуметтік желілерде – Instagram, Youtube, TikTok-та 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалардан құрылған) бар. Салық кодексіне сәйкес, блогерлердің, оның ішінде жарнама беруден немесе ақпараттық өнімдерді жылжытудан түсетін табыстарға салық салынады», делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, егер блогер жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланса немесе оның жылдық табысының мөлшері 12 ең төменгі жалақыдан асса (2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы - 85 000 теңге, бұл 1 020 000 теңгені құрайды) жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.
«Жалпы, отандық блогерлердің көпшілігі қазірдің өзінде кәсіпкер болып саналады және қолданыстағы салық режиміне байланысты тиісті салықтарды төлейді. Осылайша, өткен 9 айда олар 1 миллиард 226 миллион теңгеден астам салық төлеген», деп хабарлады комитет.