Бұрынғы полиция басшысының қызметкеріне жыныстық қысым көрсеткені дәлелденді

19 қараша 2026 16:38 / Новости Казахстана

Қазақстан ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы, полиция полковнигі Данияр Мейірхан қызметкерін жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегені үшін кінәлі деп танылды, деп хаюарлайды Arbat.Media. 

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оған 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың сәуірі мен қарашасы аралығында жоғары лауазымды полиция қызметкері қол астында жұмыс істейтін әйелдің қызметтік тәуелдігін пайдаланып, оны жұмыс орнында жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жәбірленушіге психологиялық қысым жасалған. Әйел жұмыстан айрылып қалудан қауіптенген.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, нотариалды куәландырылған хат алмасулар және маманның қорытындысы арқылы дәлелденді.

Данияр Мейірхан Қылмыстық кодекстің 123-бабы («Жыныстық қатынасқа немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

Алайда полиция полковнигі өз кінәсін мойындамаған. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. .

Данияр Мейірхан 1981 жылы туған. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Кейін ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, одан соң төрағасы қызметтерін атқарған.

Серіктес жаңалықтары