Бұрынғы президент қазіргі президентті айыптап жазба жариялады
4 маусым күні Бішкектегі Первомай аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты бірнеше ауыр бап бойынша кінәлі деп танып, оны сырттай 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Атамбаев жазамен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Атамбаевқа Қой-Таш ауылынан заңсыз жер алып, ол жерде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылды. Сонымен қатар қырғыз соты экс-президентті Бішкек ЖЭО-ын жаңғырту кезінде жемқорлыққа жол берді деп айыптады. Алмазбек Атамбаев Facebook парақшасында жазба жариялап, билікті сынады.
«Мен ешқашан Қырғызстанның мүдделеріне опасыздық жасаған емеспін. Мен саналы түрде саясаттан бас тарттым және мемлекеттік істерге араласпаймын. Бірақ қазіргі билікте отырғандар үшін бұл жеткіліксіз болып шықты. Олар мені, менің жақтастарымды, жақындарымды қудалауын жоғармай жатыр. Бұл әділдікті іздеу емес, керісінше кек алу тәсіліне көбірек ұқсайды», - деп жазды экс-президент.
Айта кетейік, Атамбаевқа тағылған айып бойынша тағы бірнеше адам сотталды. Бұрынғы президент бұл жағдайға да бей-жай қарамай, жазбасына қосыпты.
Мен отбасыммен, жұбайыммен және балаларыммен мақтанамын. Фарид Ниязов, Ирина Карамушкина және басқа да өз жақтастарыммен мақтанамын. Мен олардың азап шегуіне, қудалануына еріксіз себеп болғаным үшін кешірім сұраймын. Президент Садыр Жапаров мені сыбайлас жемқорлықтан кісі өлтіруге дейінгі көптеген басқа қылмыстар үшін айыптады. Сондықтан мен билікке нақты талап қоямын. Менің ісімді Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа жіберуі керек. Мен ол соттың алдына жеке келіп, саяси айыптаулардан бастап қылмыстық істерге дейінгі барлық айыптар бойынша жауап беруге дайынмын. Барлығы шындықты білсін», - деді Атамбаев.