Дәрігерлер 5-қабаттан құлаған баланың өмірін сақтап қалды
Алматыдағы дәрігерлер бесінші қабаттың терезесінен құлаған төрт жасар баланы аман алып қалып, оның аяққа тұруына мүмкіндік жасады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға баланың масаға қарсы торға (москит торына) сүйеніп, оның салмағын көтере алмаған тордың сынып кетуінен болған. Салдарынан бүлдіршін биіктен құлап, ауыр жарақат алған.
Дәрігерлердің мәліметінше, балаға омыртқаның ығысқан сынуы және жұлынның қысылып қалуы диагнозы қойылған. Мұндай жарақат адамның өміріне ғана емес, оның өмір бойы сал болып қалуына да себеп болуы мүмкін еді.
Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының нейрохирургтері екі кезеңнен тұратын күрделі ота жасап, жұлынға түскен қысымды жойып, омыртқаны тұрақтандырған.
Дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында баланың қозғалу қызметі сақталып қалды. Мамандардың айтуынша, алдағы оңалту емінен кейін бүлдіршіннің өздігінен жүруіне толық мүмкіндік бар.
Дәрігерлер ата-аналарға масаға қарсы торлардың балаларды құлаудан қорғай алмайтынын тағы бір мәрте еске салып, кішкентайларды қараусыз қалдырмауға және терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатуға шақырды.