Декларация: Дүниесін тіркемегендердің есеп-шоты бұғатталады

6 қараша 2024 13:00 / Новости Казахстана
ФОТО: Depositphotos

Жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңінде тиесілі дүниесі мен иелігіндегі мал мүлкін тіркемегендердің есеп-шоты бұғатталады. Тек қаржы министрлігі жазалауға кіріспес бұрын, тағы бір ай беріп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:

— Комитет тарапынан азаматтарға салық есебін уақтылы ұсынбағаны жөнінде хабарлама жөнелтілді. Енді ол кісілерде 30 жұмыс күні уақыты бар. Осы уақыт ішінде декларация ұсынуы керек. Не болмаса, түсініктеме беру керек.

Декларацияның үшінші кезеңі аяқталысымен, мамандар салық есебін тіркемеген 281 мыңға жуық адамға ескерту хабарламасын жіберген.

Соның тек 10 пайызы түсініктеме беріп, декларация тапсыруға асыққан. Хабарламасын алғанымен, хабарсыз кеткендер де көп.

Енді 30 жұмыс күні өтісімен олардың есеп-шоты бұғатталады. Көбі компания басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайы.

Қалталылар мал-мүлкін көрсетуге асықпай жүрсе, елімізде банкрот болғандар саны да біршама артқан.

Бір жарым жылда 130 мыңнан аса адам банкроттыққа өтініш берген. Оның 18 мыңы ғана банкрот деп танылып, 41 миллиард теңге қарызы кешірілген. Ал өтініш берушілер толастар емес.

Сейілжан Ахметов, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

— Банкрот деп тану үшін берілген 96 мың өтініш кері қайтарылды. Бұған себеп — банкроттау өдшеміне сәйкес келмеуі. Бірақ көп жағдайда жеке тұлға арнайы қолдау ақпарат жүйесі бар екенінен хабардар болса дейміз. Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беруші тиісті өлшемге сәйкестігін автоматты түрде тексеруге мүмкіндік алады.

Серіктес жаңалықтары