Декларация: Қазақстандықтардың мүлкі туралы 80 елден мәлімет түседі
Елдегі кірісі төмен азаматтардың декларациялары мемлекеттің нақты әлеуметтік ахуалды көруіне және одан әрі халықтың нақты көмекке мұқтаж бөлігіне қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді. Осы орайда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың табысын әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Мұстафина жалпыға бірдей декларациялаудың артықшылықтары туралы айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00-нысан) ұсына бастады. Декларация тапсырудың соңғы мерзімі — 15 қыркүйек.
− Елімізде жалпыға бірдей декларация енгізуге не себеп болды және қай елдердің тәжірибесіне сүйендіңіздер?
− Мүлік кірістерін жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасы салық салу және оны төлеуден жалтарған адамдарды анықтау мақсатында жеке тұлғалардың кірісін жан-жақты бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған. Халықтың нақты кірісін салықтық бақылау және көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәсілі ретінде декларациялау әдісі әлемнің көптеген елінде, оның ішінде АҚШ, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Аустрия, Италия, Чехия, Сингапурде қолданылып келеді.
ТМД елдері арасында біздің еліміз жалпыға бірдей декларациялауды алғаш енгізді. Мұның бастапқы нәтижесі декларациялаудың барлық кезеңі енгізілген соң байқалады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, халықтың кірісі мен мүлкін декларациялау – көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімдігі тетігі болып отыр.
− Декларация аясында активтерді қайтару жұмыстары қалай жүріп жатыр?
− Декларациялау жүйесі барлық азаматтың «кіру» декларациясын ұсынудан тұрады, онда шетелдегі барлық активтері, жылжитын және жылжымайтын мүліктері көрсетіледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы мүлік бойынша мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына уәкілетті органдардан келіп түседі.
Жалпыға бірдей декларациялау аясында уәкілетті ұйымдар мен үшінші тұлғалардың мәліметтерімен салыстыру арқылы жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылау тетігі әзірленген. 2021 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік банктердегі қазақстандықтардың шоттарына түсетін кірістер туралы мәліметтер алып келеді. Бұл құзыретті органдардың қаржылық шоттар туралы ақпаратты автоматты түрде алмасу туралы көпжақты келісім (Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Страсбург конвенциясы) арқасында мүмкін болды.
Жыл сайын Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция секілді 80 елден мәлімет келіп түседі. Оның ішінде банк шоттарындағы ақша қаражатының қалдығы; алынған дивиденд сомалары; шот бойынша алынған сыйақы сомалары; активтерді және өзге де кірістерді сатудан түскен түсімдердің сомалары туралы мағлұмат бар.
Шетелдік банктердегі кірістерді камералдық бақылау қорытындысы бойынша өткен жылы 684 азамат 4,2 млрд теңге салық төлеген.
− Жалпыға бірдей декларацияның артықшылақтары туралы айтып берсеңіз?
− Мұнда кірісі төмен азаматтардың декларациялары мемлекеттің қоғамдағы нақты әлеуметтік ахуалды көруіне және одан әрі халықтың нақты көмекке мұқтаж бөлігіне қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді.
Өз кезегінде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу қаржылық сауаттылық пен салық тәртібінің өсуіне де әсер етті.
− Декларацияда толық емес, анық емес деректерді ұсынған үшін қандай жауапкершілік көзделген?
− Декларацияда толық емес, анық емес деректерді ұсынған үшін алғашында – ескерту (ҚР ӘҚБтК 272/2/1-бабы), бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ҚР ӘҚБтК 272/2/2-тармағы) қарастырылған.
− Салық салу объектілерін жасырғаны үшін не көзделген?
− Салық салу объектілерін жасырғаны үшін алғашқыда – төленбеген салықтар сомасынан 200% көлемінде айыппұл (ҚР ӘҚБтК 275/1-бабы), бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 300% мөлшерінде айыппұл (ҚР ӘҚБтК 275/1-бабы) қарастырылған.