Демографиялық үрдістің зейнетақыға әсері
Зейнетақы жүйесінің демографиялық өзгерістерге бейімділігін, болашақтағы зейнеткер буынның жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде, сондай-ақ қаржылық тәуекелдерді бейтараптандыруда жинақтаушы компонентті нығайту маңызды фактор саналады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Әлеуметтік кодексте жұмыс берушінің 5 пайыз мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын биылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу көзделген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Қазіргі демографиялық үрдіс пен ұзақмерзімді сын-қатер азаматтарға еңбекке жарамды уақытында өздерінің жинақтарын табыстарына сәйкес қалыптастыру үшін зейнетақы жүйесінің орнықты, теңгерімді дамуын талап етеді. Мемлекет, азаматтар және жұмыс берушілер арасындағы зейнетақымен қамсыздандыруға деген ортақ жауапкершілік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, болашақта зейнетақы мөлшерін арттыруға септеседі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) былтырдың қорытындысы бойынша елдегі демографиялық трендтің зейнетақы жүйесіне әсерін саралап, биылдан бастап 5 пайыз жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен енгізілуіне байланысты демографиялық жүктемені жеңілдету жөнінде болжам жасады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халқымыздың саны 20 миллионнан асты. Бұл ретте республикамызда 25 жасқа дейін 8,5 млн адам (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейін 9,7 млн адам (48,5%), 65 жастан асқан 1,8 млн адам (8,9%) бар. Халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн адамға жетеді деп болжанып отыр.
Өмір сүру ұзақтығы (халықтың өлім-жітім деңгейі қарастырылып отырған жылмен бірдей болған жағдайда, адамның орташа өмір сүру ұзақтығының мәні) пандемия жағдайында (2020–2021) төмендегеннен кейін 2021 жылғы 70,23-тен өткен жылы 75,09 жасқа дейін өсті. БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да болжамы өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланысты 2050 жылға қарай демографиялық қартаюдың жоғары деңгейі байқалатынын көрсетеді (60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2008 жылғы 9,7 пайыздан былтыр 13,6 пайызға дейін өсті. Осылай өсуін 2050 жылға қарай 16,7 пайызға дейін жалғастыра бермек. Яғни 2050 жылға орта есеппен әрбір алтыншы отандасымыз 60 және одан жоғары жаста болады).
Халық құрылымына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жиынтық туу коэффициенті (ЖТК). Ол бір әйелдің бала туу қабілеті бар кезеңде (яғни 15 пен 50 жас аралығында) орташа есеппен қанша рет босана алатынын көрсетеді. 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіштің өткен жылы 3,05-тен 2,96-ға дейін төмендеуі байқалды. БҰҰ болжамдарына сәйкес еліміздегі туу коэффициентінің 2050 жылға қарай бір әйелге шаққанда 2,42 балаға дейін одан әрі төмендеуі мүмкін. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі – бүкіл әлем үшін жаһандық үрдіс. Туу көрсеткіштерінің біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы жағдайында 1 еңбекке қабілетті адамға түсетін демографиялық жүктеме артады.
Пандемиядан кейін елімізге келушілердің жыл сайынғы саны соңғы екі жылда 2 еседен аса өсіп, 2020 жылдан бері кеткендердің саны 2 есе азайған. ЮНФПА-ның (БҰҰ-ның Халық қоры) Қазақстандағы өкілдігі республикамыздың халық санын талдау есебінде 2050 жылға қарай 1000 адамға шаққанда 0 көші-қон сальдосына біртіндеп қол жететінін болжайды. Бұл республиканың жұмыс күшіне жоғары сұранысынан, елеулі этностық эмиграция әлеуетінің біртіндеп сарқылуынан, біздің елден оңтүстікке қарай орналасқан елдердегі халықтың жылдам өсуінен болатын экономикалық дамуымен ынталандырылады.
65 жастан асқан адамдардың санына бөлінген еңбекке қабілетті жастағы адамдардың саны (25-тен 64 жасқа дейін) ретінде есептелетін әлеуетті қолдау коэффициентінің төмендеуі байқалады. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың зейнеткерлерге (65-тен жоғары) арақатынасы 2012 жылғы 7,7-ден былтыр 5,49-ға дейін төмендеді. БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдарына сәйкес елімізде әлеуетті қолдау коэффициентінің 2050 жылға қарай шамамен 4,0-ге дейін төмендеуі жалғасады, бұл еңбекке қабілетті халыққа жүктемені арттырады.