ЕАЭО мемлекеттеріне электромобильді бажсыз өткізу ұзартылды

27 қараша 2023 11:00 / Новости Казахстана

Одақтас елдердің интеграциясындағы кедергілерді жоятын және сауда-экономикалық қатынастарын жеңілдететін бірқатар шешім қабылданды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алулары аясында алынатын тауарлардың тізбесін кезең-кезеңмен кеңейтуде. Тізім тағы бір позицияға кеңейді – бұл киім-кешек пен керек-жарақтар, оның ішінде қолғаптар, резеңке қолғаптар бар.

Биыл отандық кәсіпкерлердің ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің 63 тауар түрі бойынша мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бұдан басқа өндірістік және технологиялық операциялардың бірыңғай шарттары көзделмеген 276 тауар позициясы бойынша СТ-1 сертификатын пайдалану мүмкіндігі 1 жылға ұзартылды», - делінген Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайтында.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедендік шекарасы мен аумақтарында ветеринариялық бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бірқатар термин түзетілді. Ветеринариялық, дәрілік, диагностикалық, дезинфекциялық және басқа да құралдарды, сондай-ақ жемшөп қоспаларын әкелу және ауыстыру шарттары, ветеринариялық сертификаттардың нысандары анықталды. Ветеринариялық бақылау кезінде зертханалық сынақтар жүргізуді ұйымдастыру бөлігіндегі нормалар да толықтырылды.

ЕЭК кеңесі 2024 жылға арналған ЕАЭО елдеріне сиыр етін бажсыз өткізу квоталарын бекітті. Қазақстанда еттің осы түрінің өндірісі ішкі қажеттілікті іс жүзінде толығымен жабатынын ескере отырып, еліміз үшін квота мөлшері ең төменгі 5 мың тонна көлемінде (Ресей – 100 мың тоннаға дейін, Армения – 8,5 мың тоннаға дейін, Беларусь – 7,5 мың тоннаға дейін, Қырғыз Республикасы – 3,5 мың тоннаға дейін) айқындалды. Импортталған сиыр етінің қосымша көлемі өңдеуге бағытталатын болады. Бұл шара еліміздегі шұжықтар мен басқа да ет өнімдерінің құнын арзандатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

«ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге электромобильдерді бажсыз өткізу екі жылға (2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін) ұзартылды. Бұл электромобильдер нарығын одан әрі дамытуға, зарядтау инфрақұрылымын дамытуға және ірі қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді», - деп атап өтеді министрлік.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі жылы «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын іске асыру жөніндегі жол картасын дайындау туралы өкімінің жобасы келісілді. Оны Жоғары кеңес биылғы желтоқсан айының соңында бекітуді жоспарлап отыр. Жобаны биылғы қазан айында Бішкекте ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мақұлдады. Бұл құжат, басқалармен қатар, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылуға бағытталған ЕАЭО құқығы аясында техникалық реттеу және стандарттау саласын одан әрі дамытуды декларациялайды. Тұжырымдама стандарттарды біріздендіруді не үйлестіруді және сапа мәселелерін ұлттық деңгейден жоғары деңгейге беруді көздемейді, өйткені ЕАЭО туралы шартта техникалық реттеудің негізгі қағидаттарының бірі оларды қолданудың еріктілігі деп тікелей бекітілген.

 

Серіктес жаңалықтары