Электромобиль құрастырушыларын даярлау орталығы ашылды

10 желтоқсан 2023 8:53 / Новости Казахстана

Елімізде тұңғыш рет электромобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлау орталығы ашылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Мұнда студенттер электр станциялары мен аккумуляторлық батареяларды жөндеуге машықтанады, деп жазады 24.kz

Заманауи машина жасау мектебі Өскеменде орналасқан. Жоба Қазақстан-Қытай әріптестігі және мемлекетаралық келісімдер аясында жүзеге асырылды.

Автопилоттық көліктер қала көшелерімен жүреді. Ал жасанды интеллект жол-көлік оқиғаларының алдын алады. Ақылды машиналарға арналған бағдаршамдар да дайын.

- Осындай смарт технологиялық көліктерге арналған шеберхана құру өте маңызды. Ол арқылы интеллектуалды жүйені біздің өңірде ғана емес, барлық аймақта дамытуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттырады, - дейді PHD докторы Самат Байгереев.

Осылайша қазақ-қытай әріптестігі аясында Өскеменде еліміздегі алғашқы электромобиль құрастырушыларды даярлау орталығы құрылды.

Бұған дейін отандық ғалымдар тобы көрші елде тағылымдамадан өтті. Міне техника ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Мұздыбаев студенттерге литий-ионды батареяларға қызмет көрсетудің қыр-сырын үйрете бастады.

- Бұл аккумуляторлық батареялардың құрылымдарын зерттеу және диагностикалау бойынша оқыту платформасы. Мұнда аккумуляторды ғана емес, қосалқы жабдықтарды да меңгереміз. Жаңа жүйені енді үйреніп жатқан студенттер үшін бұл өте маңызды, - дейді профессор, техника ғылымдарының кандидаты Марат Мұздыбаев.

Әлбетте, отандық техниктер үшін әлемдік үрдістерді қуып жету маңызды. Қазірдің өзінде нарықта сатылған әрбір бесінші көлік электр қозғалтқышпен жүреді. Әлемде электромобильдер сатылымы 34%-ға өсті.

- Алдағы уақытта Ақтөбеде робототехника және мұнай-газ өндірісі саласында машина жасау бойынша осындай орталық ашылады. Сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында Компьютерлік инженерия бойынша өндірістік орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Ал Өскемендегі шеберхана жыл сайын жүздеген машина жасаушылар мен білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді, - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары