Елімізде тұрғындардың 20% жуығы темекі шегеді

21 қазан 2023 11:00 / Новости Казахстана

Ұлттық статистика бюросы темекі шегу жөнінде ересек арасында сауалнама жүргізген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Зерттеу барлық облыста, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілді. Сауалнама сұрақтарына 15 жастан асқан 11 829 үй шаруашылығының бір мүшесі жауап берді.

Нәтижесінде зерттелген үй шаруашылығы мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 19,4% (2022 жылы – 20,4%) немесе ерлердің 36%, әйелдердің 8,5% темекі тартады.

Ауылда темекі тартатындардың үлесі – 19,6%, қалада – 19,3%.

Темекі тартатындардың жалпы санының 92,3% өнеркәсіпте өндірілген темекіні тартады.

Темекі шегушілер тарапынан үйлерінде темекі түтінін жұтатын халықтың үлесі – 12,4%, оның 11,8% – темекі тартпайтындар.

Жұмыс орнында темекі түтінінің әсеріне ұшырайтындар үлесі – 7,6%, оның 7,1% темекі тартпайтындар. Қоғамдық тамақтану орындарында сауалнамаға қатысқан респонденттердің 12,3% темекі түтінінің әсеріне ұшыраған, оның 11,6% – темекі тартпайтындар.

Темекі өнімдерін тұтыну – қатерлі ауруларды тудырады деп есептейтін респонденттердің үлесі 86,7%, сонымен бірге отбасы мүшелерінің темекі өнімдерін тұтынуына қарсы болған респонденттердің үлесі небәрі 6,8%.

Барлық жерде темекі тартуға толық тыйым салатын заңнамалық бастамалардың енгізілуіне сауалнамаға қатысқан респонденттердің 71,8% қолдау білдірді.

2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы темекі тартатын респонденттердің үлесі 29-38 жас тобы ішінде өсті, қалған жас топтарында төмендеген. 

Автор
Серіктес жаңалықтары