Германияда қатігездікпен өлтірілген қазақ қызының ісі туралы сұмдық дерек шықты

1 шілде 2025 19:38 / Новости Казахстана

2024 жылдың шілде айында Германияда зорлық белгілері мен қатыгездікпен өлтірілген әйелдің мәйіті табылған еді. Неміс билігі бастаған тергеу қазіргі уақытта тоқтатылған, ал кінәлілер әлі күнге дейін анықталмаған, деп хабарлайды Arbat.Media ALASH.KZ сайтына сілтеме жасап.

Айгүлдің отбасының айтуынша, оның өлімі өз үйінде — күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцовамен бірге тұрған үйде орын алған. Наталья Донцова — Германия мен Ресей азаматшасы, Қазақстан тумасы.

Қазіргі уақытта еуропалық іздеуге жарияланған жалғыз адам — Наталья Донцова. Алайда туыстарының айтуынша, Германия да, Ресей де оны ұстау немесе экстрадициялау бойынша нақты ешқандай әрекет жасаған жоқ. Қазір Донцованың Ресейде жүргені болжануда.

«Айгүл — отбасы мен достары үшін шын мәнінде жарық сәуле болды. Ар-ожданды, мейірімді, әділетті жан еді. Ол заң саласына өзін арнап, шындықты қорғау үшін судья атанды. Кейін отбасына уақыт арнау үшін мансабын тоқтатып, Жаклин есімді қызын дүниеге әкелді… Бірақ сол үйде өзі ешқашан сүйікті адам бола алмады. 2024 жылы Айгүл өзін отбасысы деп атаған адамдардың қолынан қаза тапты. Онымен бірге іштегі нәрестесі де өмірмен қоштасты. Мұндай жауыздық ешқандай жазасыз қала алмайды», — дейді марқұмның туыстары.

Айгүлдің өлімінен кейін күйеуі Александр Донцов қыздары Жаклинді Германиядан Ресейге алып кеткен және Айгүлдің отбасымен толықтай байланысты үзген. Туысқандары Жаклинді бір жылдан аса уақыттан бері көрмеген, оның қайда екенін де білмейді. Қызбен байланыс орнату үшін Ресейдің мемлекеттік органдарына – қамқоршылық, әлеуметтік қорғау және білім беру мекемелеріне хабарласқанымен, еш нәтиже шықпаған. Отбасы Жаклиннің АҚШ-қа — бұған дейін оның ата-анасы тұрған елге шығарылып кетуінен қауіптенеді.

Айгүлдің жақындары билік пен халықаралық қауымдастыққа ашық түрде келесі мәселелер бойынша көмек көрсетуге өтініш білдіреді:

 

  • Айгүл Сайлыбаеваның өліміне байланысты тергеуді қайта бастау;
  • Наталья Донцованың қайда екенін анықтап, жауап алуға шақыру;
  • Қазақстандағы әже мен атасының Жаклинмен байланыс орнату құқығын қамтамасыз ету.

 

Сондай-ақ, туыстары Наталья немесе Александр Донцовтардың, сондай-ақ Жаклиннің қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды тікелей немесе адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар арқылы байланысқа шығуға шақырады.

«Наталья мен Александр, егер кінәсіз болсаңыздар – жасырынып жүрмеңіздер. Бізбен байланысқа шығыңыздар. Бізді Жаклинді сүю және қолдау құқығынан айырмаңыздар – Айгүлден қалған жалғыз аманат сол ғана», – дейді марқұмның ата-анасы.

Серіктес жаңалықтары