«Інім деп таныстыратын»: Әбунасыр Серіковтің ұлы әкесі туралы сөз қозғады

22 қыркүйек 2026 15:05 / Новости Казахстана

Танымал актер Әбунасыр Серіковтің ұлы Әбілмансұр Серіков әкесінің өнер жолында өзін не себепті қолдамағанын айтып, бала кезінде оған не үшін ренжігенін еске алды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Әбілмансұрдың айтуынша, әкесі оның белгілі актердің баласы ретінде емес, өз еңбегі мен қабілетінің арқасында танылғанын қалаған. Сол себепті Әбунасыр Серіков ұлының шығармашылық жолына араласпай, арнайы қолдау көрсетпеуді жөн көрген.

Жас актер бала кезінде әкесінің бұл ұстанымын түсінбегенін де айтты. Оның сөзінше, Әбунасыр Серіков көпшілік арасында оны «ұлым» деп емес, «інім» деп таныстырған. Бұл жағдай Әбілмансұрдың көңіліне тиіп, әкесіне ренішін тудырған.

Алайда есейе келе ол әкесінің бұл әрекетінің мәнін түсінген. Әбілмансұрдың пайымынша, әкесінің өнерде жол сілтеп, дайын қолдау көрсетпеуі оны өз бетінше ізденуге, қиындықтарды өзі жеңуге және еңбектенуге үйреткен.

Бүгінде актер әкесінің сол кездегі қатаң ұстанымына өкпемен емес, өмірден алған сабағы ретінде қарайтынын айтты. Оның пікірінше, осы тәрбиенің арқасында ол өз жолын қалыптастырып, қазіргі жетістіктеріне қол жеткізген.

Серіктес жаңалықтары