Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына қатысты бес лауазымды тұлға ұсталды
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ұсталғандардың қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және катер командирі бар.
Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған. Оқиға Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағалауында тіркелген.