Катонқарағай мен Марқакөл жеке аудан болып құрылды

30 желтоқсан 2023 12:34 / Новости Казахстана

Шығыс Қазақстан облысында қос ауданның халқы малақайларын аспанға атып, қуанып жатыр. Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Arbat.media

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілетін болды. Сол секілді Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен Марқакөл ауданы құрылады.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілсін.
  2. Шығыс Қазақстан облысының құрамында:

1) Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы;

2) Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылсын.

  1. Абай облысының құрамында:

1) Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы;

2) Семей қаласының құрамынан Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын Жаңасемей ауданы құрылсын.

  1. Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
  2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
  3. Осы Жарлық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Катонқарағай және Марқакөл тұрғындары Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойғанын ести сала тізе қосысып, Президентке алғыстарын жеткізді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бізді сіз қуанышқа бөлеп отырсыз. Катонқарағай жеке аудан болды. Сізге зор алғысымызды айтамыз! – деді аудан тұрғыны, ардагер журналист Жәнібек Қызыр.

Шығыс Қазақстан облысы

 

 

Серіктес жаңалықтары