Коллекторлық агенттіктердің кейбір қызметіне шектеу енгізіледі

20 қазан 2023 13:15 / Новости Казахстана

Коллекторлық агенттіктердің кейбір қызметіне шектеу енгізіледі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбындағы Парламент тыңдауында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

«2021 жылдан бастап коллекторлардың басшы қызметкерлеріне тиісті талаптар заңнамалық тұрғыда енгізілді. Коллекторлардың борышкермен іс-қимыл процесін аудио және бейнежазба түрінде тіркеу міндеті, сондай-ақ үшінші тұлғалармен байланыс жасауға тыйым салу енгізілді. Бұдан бөлек, коллекторлық агенттіктер капиталына қойылатын талаптар 100 млн теңгеге дейін күшейтілді. Бас прокуратурамен бірлесіп коллекторлардың дербес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін енгізу жөнінде түзетулер әзірленді. Олар Парламент Мәжілісінің қарауында», – деді М. Әбілқасымова.

Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан коллекторлар портфелі 57,3 пайызға артты. Қарыз алушылардың саны 882 мың адамға дейін жетті.

«Олардың берешегі 325 млрд теңгені құрады. Коллекторлар мұндай проблемалы кредиттерді айтарлықтай дисконтпен сатып алады да, қарызды қайта құрылымдамай, борыш сомасын өндіріп алады. Осыған байланысты біз (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) коллекторлық ұйымдарға банктердің тұтыну несиелері мен азаматтардың шағын несиелерін сатуға тыйым салу туралы ұсынысты қолдаймыз. Сондай-ақ коллекторларды проблемалы несиелер бойынша берешекті реттеуді заңнамалық деңгейде жүргізуге міндеттеуді ұсынамыз. Бұл шектеулер коллекторлық нарықтың толық тоқтауын білдірмейді. Коллекторлар проблемалы кредиттерді сатып алмай-ақ, оларды өндіріп ала береді. Алайда бұл несиелер қаржы ұйымдарында қалады және олар проблемалы борышкерлермен жұмыс үшін жауапты болады. Бұдан басқа, коллекторлар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың стресстік активтерін басқару жөніндегі сервистік компаниялардың рөлін де атқарады», – деді агенттік басшысы.

Автор
Серіктес жаңалықтары