«Мәйіт донорлығын қалпына келтіру қажет». Экс-министр трансплантациядағы түйткілді айтты

1 ақпан 2024 12:34 / Новости Казахстана

Екі рет Денсаулық сақтау министрі болған білікті трансплантолог Жақсылық Досқалиев елімізде ағза алмастыру  кезегінде тұрған  4 мың науқас тек отаны көтере алатындар екенін айтты. Ал  ішкі органдары емдеуге келмейтін, отаға жарамайтын жарым көңіл жандардың жалпы саны 12 мыңға жетіп жығылатынын жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Жақсылық Досқалиев мәйіт донорлығын жандандырмай трансплантация зәрулігі азаймайтынын айтты.  

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша медициналық құрал-жабдықтар алынды, трансплантация жасау  үдерісі дамыған елдерде мамандарымыз біліктілігін арттырып, тәжірибе жинап қайтты. Елімізде сегіз жерде трансплантация жасайтын деңгейге жеттік.  Оның ішінде аса ауыр ота түрі саналатын жүрек алмастыруды тек Астана қаласында атқарып келсек,  Алматы мен Шымкент қаласында да жүрек алмастыру отасы өтті», деген экс-министр ендігі мәселе донор тапшылығы екенін айтты.

«2019 жылға дейін адам тірі кезінде келісім берсе де, қарсы болса да қайтыс болған соң  мәйіттің ағза мүшелері донорлыққа алынатын, одан кейін заңға жаңа кодекс енгізіліп, марқұм болған адамның алдын-ала келісімі не болмаса туыстарынан рұқсат сұралады. Егер олар келісім бермесе мәйіттің органдарын ала алмайсың», деген трансплантолог  жылына  2-3 мәйіттен ғана ағза алынатындықтан трансплантация кезегі күрт артқанын айтты. Заңға жаңа кодекс енгізілгенге дейін жыл сайын 20-23 мәйіттің ағзасын донорлыққа жарап келген.  

Ж.Досқалиев халықаралық тәжірибеге сай дамыған елдердің басым көпшілігі мәйіт донорлығын пайдаланатындықтан, бізге де осы жолды таңдаған дұрыс дейді. Марқұмның ағзасын алып, кезекте тұрған науқасқа алмастыру арқылы көптеген адамға екінші ғұмыр сыйлау сауапты іс екенін алға тартты.

«Донорға зәру, кезекте тұрған 4 мың адамның әрқайсының артында отбасы мүшесі деген 5 адам бар. Олардың да уайымы басым. Трансплантация кезегін күтушілердің арасында бір үйдің жалғыз қызы не ұлы, отбасының асыраушысы да жүр. Уайымнан егілген қам көңіл жанға мәйіт донорлығы арқылы екінші ғұмыр сыйлау ізгі амал емес пе? Мәйітке ағза қажет емес, бірнеше жылдан кейін жер астында тек сүйегі қалады, ағзасы түгел еріп кетеді. Сондықтан заңды қайта өзгертіп, бұрынғыдай көзі тірісінде келісім берсе де, қарсы болса да мәйіттің ағзасын алуды іске қосқан дұрыс. Бір мәйіттің ағзалары  бес адамның өмірін сақтап қала алады», деді Ж.Досқалиев.

 

 

Серіктес жаңалықтары