Маңғыстаудағы жеке емдеу кабинетінде 2 адам көз жұмды
Маңғыстаудағы жеке емдеу кабинеттерінде салынған инъекциядан кейін екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Өңірлік медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова Lada.kz сайтына ақпаратты растаған.
Осы жылдағы он айда облыста жеке емдеу кабинеттерінің науқастары арасында анафилактикалық шоктың 41 жағдайы тіркелген. Пациенттердің көпшілігі жедел жәрдем бригадаларың қызметі арқасында аман қалған. Бірақ екі адам көз жұмды.
Өлімнің бірі Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында болған. Жас жігіт дәріханадан антибиотик сатып алып, инъекцияны сол дәріханадағы емдеу бөлмесінде алуды шешкен. Инъекциядан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалған. Жедел жәрдем бригадасы биологиялық өлімді тіркеді.
«Жоспардан тыс тексеру өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Емдеу кабинеттерінде лицензия жоқ, инъекциялар дәрігердің тағайындауынсыз және аллергияға алдын-ала тексерусіз жасалған. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді сақтау шарттарының бұзылуы тіркелді. Ал медицина қызметкерінің қолданыстағы маман сертификаты болмады және соңғы бес жылда біліктілігін арттырудан өтпеген. Тексеру материалдары полицияға тапсырылды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді Мұхамбетиярова.