Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енеді

22 қыркүйек 2025 19:40 / Новости Казахстана

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енеді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Бүгін, 22 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай "Маңғыстау түбегінің жартас мешіттері" ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша ИКОМОС техникалық бағалау миссиясының өкілдерімен кездесті.

Жиында өңірдегі бес жерасты мешіті – Бекет ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан үпі мешіттерін халықаралық тізімге енгізу жұмыстары талқыланды.

Аталған ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттар әзірленіп, Париждегі штаб-пәтерге жолданды. Сонымен қатар қорғау аймақтары айқындалып, ақпараттық тақтайлар орнатылды, фото және бейнематериалдар дайындалды.

Миссия аясында өңірге халықаралық сарапшылар келді. Олардың қатарында Бурса Улудаг университетінің профессоры, ИКОМОС сарапшысы Kivilcim Corakbas Figen Balikesir, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин, "Қазреставрация" ШЖҚ РМК бас директоры Олжас Шариязданов және аталған мекеменің сәулетшісі Ләззат Бейсембаева бар.

Облыс әкімі Маңғыстаудағы тарихи-мәдени мұраның байлығын атап өтті.

"Маңғыстау – тарихы терең өлке. Мұнда ежелгі қорымдар, сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын тамдар мен сағаналар, жерасты мешіттері бар. "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында осы ескерткіштерді қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бес жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда қорғау аймақтары белгіленіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың бүкіләлемдік мұралар қатарына енуі халқымыздың тарихи құндылықтарын сақтап қана қоймай, еліміздің мәдени және экономикалық дамуына серпін береді", - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Серіктес жаңалықтары