«Мені Зүлфия байлап тастады»: Руслан Өтепбай Құндызбен сөйлесіп, мән-жайды білді
Желіде 17 жыл бойы құлдықта болған апалы-сіңілілердің бірі Құндыздың қол-аяғы байлаулы жатқан суреті тарап, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын, деп хабарлайды Arbat.Media turkystan.kz сайтына сілтеп.
Журналист Руслан Өтепбай аталған жағдайға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Тараз қаласының полиция департаменті қызметкерлерімен бірге қыздардың үйіне барды. Олармен жеке-жеке сөйлесіп, жағдайын біліп қайтты.
Руслан Өтепбайдың айтуынша, көріністерден қинау белгілері анық байқалады. Құндыздың қолы мен аяғы тұсауланып, скотчпен байланған. Журналист мұндай жағдай адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
Қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова өз түсіндірмесінде Құндыздың мінезі күрделі екенін айтып, кейінгі уақытта оның психологиялық жағдайы да тұрақсыз болғанын алға тартқан. Алайда Құндыз байлауды тікелей Зүлфия Төленова жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол байлаулы күйде ұзақ уақыт жатқан, соның салдарынан денесінде қатты ауырсыну пайда болған.
Осыған байланысты Руслан Өтепбай Құндыздың сөздеріне сенетінін білдіріп, егер мұндай жағдай болмаса, қыздың жала жабуы екіталай екенін атап өтті. Журналисттің мәліметінше, Зүлфия Төленоваға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Суреттің тарихын Құндыздың өзінен сұрап білдім. Жауабын тыңдап көріңіздерші. Егер Зүлфия Төленова Құндызды байламаса, Құндыз жала жаппайды ғой! Мен өз басым Құндызға сенемін! Аталған дерек бойынша Зүлфия Төленованың үстінен қылмыстық іс көтерілді», - деп жазды Р. Өтепбай.