Нанды ең көп жейтін облыс анықталды
Ұлттық статистика бюросы жан басына шаққандағы азық-түлік тұтыну дерегін жариялады. Есеп 2023 жылдың IV тоқсанындағы көрсеткіштер негізінде дайындалған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бюро тұрғындардың ең көп тұтынатын, сатып алатын азық-түлік тізімі өзгермегенін мәлімдеді.
Қазақстан халқы ең көп қаржысын ет және ет өнімдеріне (17.4%) жұмсайды. Екінші деңгейде сұраныс нан мен жарма өнімдеріне (8%) көп. Сондай-ақ сүт өнімдерін алу үшін жұртымыз табысының 5,4% бөледі.
«Аймақтар арасында жекелеген азық-түлік өнімдерінің тұтынылуын салыстыратын болсақ, нан мен жарма өнімдерін Түркістан облысының тұрғындары ең көп тұтынған – 44,1 кг (тоқсанына жан басына шаққанда), ет және ет өнімдері бойынша Жамбыл облысы – 25,8 кг, балық өнімдерін ШҚО, БҚО және СҚО тұрғындарының дастарқанынан жиі көруге болады – бір адамға шаққанда тоқсанына 5,2 кг, көкөністер бойынша Түркістан облысындағылар – 23,8 кг, жемісті алматылықтар көп жейді – 22,1 кг, ал тәттілер жан басына шаққанда Ұлытау облысында – 14,4 кг көп тұтынылған», делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
Кейінгі бес жылдағы зерттеулер негізінде ет пен балықты тұтыну көрсеткіші жыл сайын ІV тоқсанда, ал көкөністер мен жемістерді тұтыну ІІІ тоқсанда көбейетіні анықталды.